Медицина қызметкерлері күніне орай шахматтан турнир өткізілді

3 маусым күні Қарағанды қаласының » Жедел медициналық көмек көрсету станциясында», медицина қызметкерлері күніне орай, санитарлық талаптарды сақтай отырып шахматтан турнир өткізілді. «Бақ шаба ма, баб шаба ма » демекші әр қосалқы станциялардан жиналған дәрігер, фельдшер, жүргізуші, слесарлер бақтарын сынай түсті. Біліктілік пен шапшаңдықты талап ететін шахмат ойыны қатысушыларды бірәз әуреге салды. 3 сағатқа созылған турнир соңында жеңімпаздарды анықтады. Теміртаулық дәрігер Мақсат Оразбеков алдына жан салмай 21 ұпаймен бас жүлдені жеңіп алса, 1 қосалқы станциясының фельдшері Ержан Абдикалиев 19 ұпаймен 2 орынды иеленді, ал 17 ұпаймен жүргізушіміз Константин Ким 3 орынды қанжығасына байлады. Ерлер арасында Теміртаулық жалғыз нәзік жанды фельдшеріміз Альбина Шарипова озғырлығымен талайды тамсандырды. Ал, 4 маусым күні қазақтың ұлттық ойыны тоғыз құмалақтан әріптестеріміз бақтарын сынады. Сараннан келген фельдшеріміз Баратбек Серікбай қазандығын 86 құмалақпен толтырып бас жүлдені жеңіп алды. Жарыс соңында кәсіподақ төрағасы Жанар Ақыжанова әріптестерін келе жатқан төл мерекелерімен құттықтап, жеңімпаздарға ақшалай сертификат, қатысушыларға естелік сыйлықтар табыстады.